Ресейлік кейуана 20 жылға жуық уақыт Қазақстаннан зейнетақы алып отырған

12.10.2023 в 15:09

Осының салдарынан мемлекетке келтірілген материалдық залал 13 млн теңгеден асты

Қос азаматтықпен жүрген 76 жастағы әйел адам Қазақстаннан 13 млн теңге зейнетақыны заңсыз алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының 76 жастағы тұрғыны 2002 жылдың қарашада Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды.

2004 жылы зейнеткерлік жасқа жеткен әйел Қазақстаннан да және Ресейден де зейнетақы төлемдерін алып отырған.

Осының салдарынан мемлекетке келтірілген материалдық залал 13 млн теңгеден асты.

«Қазіргі уақытта шетел азаматынан Қазақстан құжаттары тәркіленді. Сондай-ақ ол ҚР азаматтығынан айырылды. Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл да салынды», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.