Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты

28.10.2022 в 16:46

Елжан Біртановқа бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Астананың Сарыарқа аудандық соты бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шықты. Біртанов бір бап бойынша кінәсіз деп танылса, екінші эпизодпен айыпты деп танылған. Осылайша, екі жылдан астам уақытқа созылған сот отырысына нүкте қойылды. Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігіне келтірілген 1 миллиард теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.

Соңғы сот отырысына Елжан Біртанов бірнеше минут бұрын ерте келді. Кіреберісте тілшілерге сұхбат берген ол, соттың әділ шешім шығаратынына сенемін деп, жақсылыққа жорыды. Өзін толық кінәсізбін деген ол, Олжас Әбішев екеуі бүгін ақталып шығатынына күмән келтірмеді.

«Біз ойымызды, пікірімізді толық жеткіздік. Прокурорға, елге. Сонымен қатар, өзіміздің тазалығымызға сенеміз. Сот дұрыс, заңды, әділ шешім шығарады деп сенеміз. Бізді, Олжас Әбішев екеумізді босатады деп сенеміз», – деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Сот залына кірген Біртановты жұрт қол соғып қарсы алды. Бірер минуттан соң Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты үкім оқи бастады. Санавиация бортын заңсыз пайдаланды деген айып бойынша судья Біртановты ақтады. Осы сөзді ести сала залда отырған ағайын шу ете түсті.

Біртанов ақталды деп ойлағанымен, судья үкімді жалғастырды.

«Біртанов Елжан мен Әбішев Олжас Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Әбішевке – 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза берілді», – деді  Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов

Сот үкіміне қарағанда Елжан Біртановқа 2 эпизод бойынша айып тағылған. Біріншісі – лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, санитарлық авиацияның әуе кемесін қолдану. Бұл эпизод бойынша ол ақталды. Екінші эпизод – Елжан Біртанов Олжас Әбішевпен бірге Денсаулық сақтау министрлігін цифрландыру бойынша жұмыс істемейтін платформаны қабылдап, орындалған жұмыстар актісіне қол қойған, ал іс жүзінде бұл жұмыс орындалмаған. Судьяның сөзінше, олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты Хорватиялық компанияның шотына аударылған. Сол арқылы үшінші тұлғалардың пайдасына өкілеттікті асыра пайдалану фактісі дәлелденді деп түсіндірді судья. Ал бұл шешіммен Елжан Біртанов келіспейді.

«Біз қажетті қарсылық білдіреміз. Себебі ол әрине, дұрыс емес. Себебі біз ондай ақшаны қалтамызға салған жоқпыз. Біз бірде бір тиын бюджеттен алған жоқпыз. Қажетті бүкіл ақпарат бар. Ол ақша шетелдік Эриксон компанияның шотына түсті», – деді деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың өршіп тұрған кезінде, 2020 жылдың жазында қызметінен босатылып, сол жылы қазан айында ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Содан бері екі жылдан астам уақыт сот жүріп, бүгін үкім шықты. Енді Елжан Біртанов соттың үкімімен толық келіспегендіктен ары қарай арызданып, өзінің мүлдем кінәсіз екенін толық дәлелдемекші.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана