Талдықорғанда ер адам бұрынғы сүйіктісіне кеңсе пышағымен шабуылдады

03.11.2023 в 17:58

27 қазанда болған оқиға сауда үйінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған

Талдықорғанда ер адам бұрынғы сүйіктісіне кеңсе пышағымен шабуылдады. 27 қазанда болған оқиға сауда үйінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жазбадан ер адамның қызды жерге құлатып, кеңсе пышағымен бауыздауға тырысқанын көруге болады. Белгілі болғандай, бұған дейін де жігіт қызды ұрып-соғып келген екен. Ал қазанда Талдықорған қалалық соты оған жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Десе де, ер адам қызға тыныштық бермеген. Полицейлер алғашында «Суық қару қолданып жасалған бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, күдіктіні үй қамаққа алған. Қазір бұл іс санаты ауыстырылыпты.

– Полиция қызметкерлері 27 жастағы әйелге шабуыл жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Оған қатысты қамауға алу, бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдікті Талдықорған полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 24- бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі «адам өлтіруге оқталу» бойынша қайта дәрежеленді. Тергеуді облыстық Полиция депатаменті ерекше бақылауға алды, – деді Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда адам бопсалаумен айналысқан күдікті ұсталды