Жетісу облысының тұрғындары бейіттердің бүлініп жатқанына наразы

28.10.2022 в 18:19

Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері үш бейіттің қоршауы ұрланғанын растады

Ауылдағы мазардан маза қашты. Осылай деген Жетісу облысының тұрғындары бейіттердің бүлініп, қоршаулардың тоналып жатқанына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл сұмдықты зират басына құран бағыштауға барған жұрт көрген. Олар тіпті бейіттердің теміріне дейін сындырып әкеткенін айтқан. Тұрғындар жергілікті полицияға арыз түсіргенімен, әзірге еш нәтиже шықпапты.

Марат Қалдыбайұлы 38 жыл бұрын әкесін жер қойнына тапсырған. Зиратына құран бағыштауға жиі барып тұратынын айтады. Соңғы рет бейіт басына келгенінде қоршаудың тас-талқаны шыққанын көрген.

«Келсем мында тонап жатыр, тонап кетті. Қасында тағы да сегіз ба, оншақтысы бар? Ол бір күнде жасаған жоқ қой. Бірақ білмеймін осында күзетші  бар ма? Жоқ па?» – деді Өтенай ауылының тұрғыны Марат Қаукеев.

Бұл қабірі қазылып, құнды заттары тоналды деген христиан зиратының қасындағы мұсылман бейіті. Мұнда шойын темірі кесіліп, қоршауы қолды болған он шақты мазарды көрдік. Тіпті кей темірлерді кесіп дайындап қойыпты. Ал арызданушылар екі зиратты тонағандар бір адам болуы мүмкін дейді.

Осыдан бернеше күн бұрын осы мұсылман мазарының маңындағы христиан зиратын да біреулердің қазып кеткені туралы мәлімет тараған. Кейін әкімдік оны жан-жануар қазған болуы мүмкін деп ақталса, полиция іс тергеліп жатыр деп жылы жаба салған еді. Ауыл адамдарының айтуынша, бір ауылдағы екі зираттың да тоналуы кездейсоқ емес.

«Алюминий, чугундар, соларды алып жатыр деді. Иә, темірге өткізеді. Негізі темірге өткізетіндерден, солардан сұрауға болады. Бірақ оларды кім біледі?», – деді Өтенай ауылының тұрғыны Батырбек Келдібекұлы

Қараусыз қалып, қарауылы болмағасын бейіт тоналды деген жергілікті билік бұл зираттарды жақын арада әкімдік өз қармағына алатынын жеткізді.

«Округ бойынша сегіз зират басы бар. Оның ішінде аталған осы жер иесіз болып табылады. Қазіргі таңда осы жерді қоршап, өзіміздің балансқа алатындай іс-шаралар жүргіземіз», – деді Өтенай ауылдық округі әкімінің орынбасары Жанат Әлсейітов.

Ал оқиға орнына барған полиция қызметкерлері үш бейіттің қоршауы ұрланғанын растады.

«Қазіргі уақытта қалалық полицияға ресми түрде екі арыз түсті. Аталған деректер бойынша тергеу Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабына сәйкес, яғни ұрлық бойынша жүргізілізіп жатыр. Жедел бөлімшелердің қызметкерлеріне металл сынықтарын қабылдау пунктін тексеру тапсырылды. Жақын арада осы ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтауға тырысамыз», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Нүпбаева.

Жергілікті жұрттың айтуынша, бейіт басындағы бассыздықтың орын алуы – жергілікті учаскелік полицияның осалдығы. Себебі арыз жазылса да, әлі нәтиже жоқ.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан