Алматыда жалған құжаттар мен шот-фактуралар шығарып келген топ ұсталды

03.02.2022 в 18:54

Олар коммерциялық ұйымдардың салық төлеуден жалтаруына көмектескен

Алматыда материалдық сыйақы алу үшін жалған шот-фактуралар мен бастапқы бухгалтерлік құжаттарды шығарумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Олар салық төлеуден жалтаруға көмектескен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Жалпы, айыпталған 7 адам 2018-2020 жылдар аралығында өздерінің бақылауындағы 4 компания арқылы коммерциялық ұйымдарға 3 миллиард теңге сомасында қызмет көрсетіпті. Айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабына сәйкес 3 жылдан 4 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды.  

«Тінту барысында тұрғылықты жерінен компьютер, мөрлер және банк карталары анықталды. Сондай-ақ есірткі заты анықталды. Соттың үкімімен 7 адам кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды», - деді Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.

Ал тыйым салынған есірткі заттарын табу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу Алматы қаласы полиция департаментіне жөнелтілді.