Сарыағашта 5 жастағы қыздың өліміне қатысты сот үкімі шықты

07.09.2023 в 19:08

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Түркістан облысында азаппен ажал құшқан 5 жастағы Еркежен Нұрмаханның өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естіген жұрттың жағасын ұстатқан қанды қылмысқа ақыры сот нүкте қойды. 5 жастағы Еркежан Нұрмаханды аяусыз қинап өлтірген көршісі бүгін өмір бойы сотталды. Тергеу барысында қаскөй тағылған айыпты толықтай мойындамаған. Алайда сараптама нәтижесінде бүлдіршінді қорлап өлтіргені анықталған.

– ҚК 208-бабы 4-бөлігіне сай тағайындалған жаза бойынша педагогикалық қызмет атқарып, жасөспірімдермен жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айрылсын. Өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалсын, – деді Түркістан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасының м.а. Дәурен Мадалиев.

Төтенше жағдайдағы түрмеге жіберілген сотталушыға енді кастрация да жасалады. Сот отырысында азғын жазаны жеңілдетуді сұрады. Ал қара жамылған Еркежанның ата-анасы әділдікке жете алмағанын айтты. Олар «бұған дейін де істі болған қаскөйді бостандыққа жібергендерді соттау керек еді» дейді.

– Сарыағашта Сайдалинды шығарған сотты жазалау керек. Сол кезде Сайдалин қамауда болса, қызым тірі болар еді, – деді Е. Нұрмаханның әкесі Нұржан Ережепов.

Еске салайық, шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 жастағы қыз жоғалып, оның өлі денесі көршісінің шатырынан табылған еді. Қанға боялып жатқан қыздың қорланғаны да анықталған. Кейін 48 жастағы ер адамның бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталып, бостандыққа шыққасын тағы істі болғаны айтылған. Ол пробация бақылауында тұрған екен.

Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Азғындық: 5 жасар қыздың өлімінен кейін өңір тұрғындарын тексеру басталды