Ермек Марқабаевқа қатысты сот процесі басталды

16.10.2023 в 19:34

Күдікті «Алтын Орда» базарының басшылық құрамында болған

«Алтын Орда» базарының басшылық құрамында болған Ермек Марқабаевқа қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын ала тыңдалым Алматы облысы Қарасай ауданында өтті. Оған сотталушының адвокаттары мен туыстары қатысты. Ал өзі залға келмеді. Адвокаттары оның изолятордан онлайн қосылатынын айтты. Алайда бірден байланысқа шығу мүмкін болмады. Онсыз да кешігіп басталған отырыстың бар уақыты техникалық ақауды реттеумен сарқылды.

– Оны маусымнан бастап Талдықорғандағы изоляторда ұстап отыр. Әйелі күнде екі қаланың ортасында жүр. Әулет үшін қиын болды. Оны жазықсыз айыптап, жалған жала жауып отыр. Бұл аяқтан шалу, – деді Е. Марқабаевтың әпкесі Жұлдыз Марқабаева.

Айта кетсек, Марқабаев маусымда қамауға алынған. Полиция одан есірткі заты табылғанын хабарлап, үстінен қылмыстық іс қозғады. Сотталушының адвокаттары құзырлы орган тергеу қорытындысымен таныстырмағанын, нақты дәлел ұсынбағанын айтты.

– Сотқа дейінгі тергеу кезінде полиция тарапынан көп қате кетті. Бізді тіпті айыптау актісімен таныстырған жоқ. Қорғау құқығынан айырды. Шағым түсіргенімізге қарамастан, тергеу қорытындысымен таныстырмай, істі сотқа жолдады. Бүгінгі отырыста істі қайта қарауды сұрағымыз келген еді, – деді адвокат Динара Жұбатова.

Оқи отырыңыз: Павлодарда мас күйінде көлік айдаған мектеп директоры жұмыстан қуылды