Екі рет жерленді: аула сыпырушының отбасы кінәлілерді жазалауды сұрайды

07.02.2022 в 20:44

Қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан марқұм асхананың алдын сыпырып, адал қызмет еткен екен

«Қаңтардағы қанды қақтығыс кезінде қаза тапқан әкемнің өлімі әділ тергелсе екен». Қаңтар оқиғасында құрбан болған жандардың балалары осылай деп Almaty.tv  тілшілеріне сұхбат берді. Сол дүрбелең болған 5 қаңтар күні аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Марат Мұсабековтің басына оқ тиіп қаза болған. Оққа ұшқан әкемізді екі рет жерледік деген марқұмның жақындары «Полиция мәйітті қайта қазып алып, зерттеу жүргізді» деп отыр.

«Қаңтардың сол бір қара тұманды түні қабырғамды қайыстырып кетті» деген кейуана жалғыз асырушысынан айрылыпты. «Аула сыпырушысы болып жұмыс істейтін жұбайымды бүлік кезінде қаңғыған оқ мерт қылды» дейді. Соңғы рет телефонмен сөйлескенде жұмыста жүрмін деген жұбайын мәйтханадан әрең тауып алыпты.

«Масқараны көрдік қой, мәйітхана мен аурухананың екі ортасында жүрдік. Нөмерлері жоқ машинаны қойып қойып, бәрін тасып жатты. Мен өз көзіммен көрдім, ЦУМ-ның ішінен бар тауарды ұрлап жатқандар болды. Менің түсінбейтінім, сол адамдарды неге таппайды? Мінекей, бір ай өтті. Денеге эксгумация жасады. Енді қазір міне, бәрі тып-тыныш болып қалды, сұрақтың жауабы айтылмады», - дейді марқұмның жары Айнаш Смағұлова.

«Бейбіт елдің тынышын алғандардың кесірінен қанша шаңырақ шайқалды» деген Айнаш бұл бүлік берекемізді алды деп отыр. Осындай қиын сәтте жаралы жұрттың жанынын табылған дәрігерлерге алғысын жеткізді. Өйткені әке деп шарқ ұрған ұлына мәйітті іздескен де сол қызметкерлер екен. Ал әкемді екі рет жерледім деген ұлы әділдік үшін мәйітті қайта қазғыздым деп отыр.

«Екінші рет 18 қаңтарда эксгумация жасады. Соттың қаулысы шыққан соң біз Полиция басқармасымен бірге эксгумация жасадық. Әділ тергеу болғанын қалаймын», - дейді марқұмның баласы Сұлтан Махмұтбек.

Полиция тергеуіне қажетті барлық ақпарды бердік деген отбасы тергеу ісінің барынша әділ өткенін қалайды. Сонымен қатар жазықсыз адамдарға жала жабылмаса екен дейді. Өйткені ол кеште менің жұбайым ұқсап, кезекті жұмысына кетіп қайтып оралмағандар қаншама деп күрсініп отыр.

Бүлік кезінде қаза тапқан марқұм асхананың алдын сыпырып, адал қызмет еткен екен. Мұндағылардың айтуынша ол азамат сондай кішіпейіл әрі жұмысты тыңғылықты істейтін деп отыр. Қаңтарда қаза тапқан бір үйдің тірегі енді бұл маңға оралмайды. Құрал-саймандары да сол күйі қараусыз қалған.

«Әңгімелесіп, жағдайымызды сұрап тұратын, сондай қарапайым еді. Алпыс жастағы кісі ғой, мен он жастай кішімін. Сонда да «Әшеке, Әшеке» деп күлдіріп, көңілді жүретін. Жұмысқа шыққанда қыздардан «Маратты өлтіріп кетіпті» деп естідім. Жұмысқа кетіп бара жатқанда оқ тиген екен», – деді марқұмның әріптесі Әшімжан Сатыбалдиев.

Ал бұл іске қатысты құжаттарды қазір прокоратура зерттеп жатқан көрінеді. Сондықтан тергеу талаптарына сәйкес сотқа дейін еш мәлімет бере алмайтынын жеткізді. Қазіргі күні марқұмның отбасында тек қайтыс болды деген медициналық куәләндіру қағазы ғана бар екен. Қалған құжаттары кейін дайын болатын көрінеді.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы