Қаржы пирамидасы: тың деректер пайда болды

20.04.2022 в 20:00

«Mudarabah Capital» қаржы пирамидасына алдандық деген 169 жәбірленушіден арыз түскен

Қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер ұсталды. Бұған дейін үй қамақта болған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оларға ұйымдасқан қылмыстық топта болған және қаржылық компанияны құруға қатысты бар деген айып тағылып отыр. Ұлан Бақырбаев қаржылық ұйымға 18 млн теңгесін салған. Оның айтуынша, бұл қылмыстық іске әлеуметтік желіде жарнамасын жар салып жариялаған вайнерлердің тікелей қатысы бар. Қаржылық ұйым туралы бейнероликтер отандық арналардың бірінен де бірнеше рет көрсетілгенін айтады. Ұйымның негізін қалаушылар жұмыстың жүйелі екенін түсіндірген соң, бар тапқан-таянғанымды салдым деп отыр.  

«Мейіржанның өзі құрылтайшысы сол жерде. Не жұмыс істеп жүргенімді, қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым деу өтірік әңгіме. Құқықтық мемлекет болғаннан кейін Конституциялық құқығы ғой. Конституциялық құқық шектелді деген сөз бір жерде заң бұзылды деген сөз», – деді зардап шегуші Ұлан Бақырбаев.

Ал, мына бейне үндеуді Мейіржан Төребаев қамауға алынғанға дейін бір күн бұрын әлеуметтік желіде жариялаған еді. Онда әзілкеш түрлі құжаттарын көрсетіп, өзінің кінәсіз екенін айтады.

«Бұл шартта қаржылық ұйымның негізін қалаушылар көрсетілген. Бұл жерде менің аты-жөнім жоқ. 2020 жылы қыркүйек айының соңында мен де басқалар секілді осы компанияға 10 млн теңге ақша салдым. Ақша қайтарымсыз қалды. Мені осы қаржылық компанияны ұйымдастырған деп те айыптады. Мен оны басқармаймын және ойлап тапқан адам да мен емес», – деді вайнер Мейіржан Төребаев.

Алматы қалалық сотының хабарлауынша, танымал блогерлер әзірге 10 тәулікке қамалған. Десе де бұл мерзім тағы да созылуы мүмкін.

«Сотқа дейінгі тергеу органдары дәлелдемені жинақтап сотқа беретін болса, олар тергеу сотына аталмыш азаматтарды қамауда ұстау мерзімін ұзартуға өтініш хат беруге құқылы», – деді қалалық соттың ресми өкілі Абай Жарылқасын.

Ал, полиция департаментінің мәлімдеуінше, бұл – күрделі қылмыстық іс. Бір жыл бойы жүргізілген тергеу енді аяқталған. Нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ деп танылып, іс сотқа жөнелтілуге дайын тұр.

«217-бабтан бөлек, 262-бап қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіру және өз әрекетін жүзеге асыру деректері бойынша. Ол аса ауыр қылмыс болып табылады. Бір емес бірнеше адам ұйымдасқан қылмыс. Адамдарды алдап арбау арқылы қомақты түрде соммаларын қолды қылған», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бір жыл бұрын «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасына алдандық деген 169 жәбірленушіден арыз түскен еді. Салымшылардың компанияға құйған ақшасы 5 миллиард теңгеден асады. Қаржылық ұйымға қатысы бар 14 адам күдікті деп танылған. Оның 6-ы тергеу изоляторында, 6-ы үй қамақта, ал 2-еуіне халықаралық іздеу жарияланған.  

Ұлағат Арғын, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы