Шеруге қосылудан бас тартқан алматылықты өртеп жіберген

24.02.2022 в 21:08

Марқұмның үстіне бензин шашып, сіріңке лақтырып жіберген

Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге қосылудан бас тартқан алматылықты өртеп жіберген. Бұл туралы халықаралық заңгерлер компаниясының мамандары айтты. Алайда марқұмның жақындары заңға жүгінуден бас тартып отырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Қаңтар айының басында еліміздің бірнеше аймағында болған митинг кей қалада қантөгіске ұласты. Сол сәтте жаға ұстатарлық жағдайлар да болған. Заңгерлер Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ер адамның денесін күйік шалып көз жұмғанын айтты. Алайда оның жақындары заңға жүгінуден бас тартып отыр екен.

«Митинг уақытысында бір топ кісі алдынан шығып, митингіге шақырғанда бармай қойған. Сосын оны өртеп жіберіпті. Үстіне бензин шашып, сіріңке лақтырып өртеген деп естідім. Алайда нақты сол істі жүргізбегендіктен анығын білмедім. Бұл туған әпкесінің айтуы. Марқұмның баласы жетім, әйелі жесір қалды», - деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 16 қаңтар күнгі брифинг кезінде Алматыда «149 азамат опат болды, құқық қорғау органдары арасында 11 адам қаза тапты» деп мәлімдеген. Ресми деректерде Қаңтар оқиғасында жалпы саны 227 адам көз жұмды делінген. 

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы