Астанада «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді

07.04.2023 в 17:22

Авторы – Ерлан Ахмеди

Астанада «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді. Туынды «Жаңа саяси мәдениет және креативті индустрия» тақырыбына негізделген, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Бас кейіпкер күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер болса, түнде әділетсіздікпен күресетін суперқаһарманға айналады. Аталған комикстің авторы – Ерлан Ахмеди. Бұл оның тырнақалды туындысы емес, бұған дейін де бірнеше шығармасы жарық көрген.

«Бұл кейіпкерді мектеп кезінде ойлап тапқам. Капитан Америка деген ойыншық алып берген әке-шешем. Соған қарап алғаш рет ақ қағазға қаламмен салған болатынмын. Оның ең басты ерекшелігі –әділдікті сүйетін, отбасылық құндылықтарды қадірлейтін, отансүйгіш интеллектуал тұлға», – деді комикстің авторы, Amanat партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди.

Жиынға Мәжіліс депутаттары, министрлік өкілдері мен саясаттанушылар, блогерлер, белсенді жастар қатысып, жаңа еңбекке қатысты ойын айтты.