Әулиеата өңірінде ортағасырлық нысан – «Керуен» сарайының орны табылды

12.07.2023 в 16:06

Тарихи орыннан түрлі керамикалық бұйымдардың сынығы мен жануарлардың сүйегі табылды

Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Әулиеата өңірінде ортағасырлық нысан – «Керуен» сарайының орны табылды. Қаратау беткейінде қазір қазба жұмыстары мен зерттеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолының бойынан орын тепкен Жамбыл облысында тарихи оқиғалармен байланысты ауыл аймақтар жетерлік. Солардың бірі – Айша бибі ауылынан 13 шақырым жерде табылған Керуен сарайы. Жергілікті халық Қыштөбе деп атап кеткен Қандымтөбе төрткүлдері екі төртбұрышты құрылыстан тұрады. Екеуі де жоспар бойынша шаршылы келген, бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған. Жуырда ғана жүргізіле бастаған қазба жұмыстары барысында екі бөлменің орны ашылды. Табылған бұйымдар біздің заманымыздың ХІ-ХІІ ғғ. жатады. Бір қызығы, мұнда сол кездің өзінде қаланы сумен қамтыған қыш құбырлар анықталған.  

– Күйік асуының күнгей бетінде оңтүстік жағынан Нұрлыкент ауылы маңынан тағы да осыған ұқсайтын төрткүлдерді анықтаған болатынбыз. Яғни бұл жерден тікелей керуен жолдарының өткенін білдіреді. Асудан асып түскен жердегі нысанды «Керуен» сарай деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі мұндағы табылып жатқан материалдар соны айғақтайды, – деді Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақымбек.

Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар Керуен сарайының орта ғасырға тиесілі екенін айтады. Тарихи орыннан түрлі керамикалық бұйымдардың сынығы мен жануарлардың сүйегі табылды. Шым қабатының астынан орта ғасырларға жататын бөлме қабырғаларының қалдығы шығып жатыр. Қанша уақыт өтсе де, олардың төменгі бөлігі қаз қалпында сақталған.

– Бұл жерде ас үйдегі ыдыстартардың ішіндегі қазан ерекше көзге түсті. Қазанның ішінде үшбұрышты тұтқалы ыдыстар бар. Бұл 3 жылдан бері зерттеліп жатыр. Талас өңіріндегі ондаған ескерткіште ғана кездеседі. Басқа жерде кездесіп жатқан жоқ, – деді Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Несіпбай Нұрғали.

Археологтардың айтуынша, Тараз өңіріндегі белгісіз тарихи нысандарды зерттеу жұмысы жүйелі түрде жалғасын табады.

Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан