Атадан балаға мирас: Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражайда 2400-ден аса жәдігер сақталған

28.02.2023 в 19:12

Бар саналы ғұмырын қазақ қолөнерінің дамуына арнаған Дәркембай Шоқпарұлы – ұлт ұстасы

Атадан балаға мирас болған ата кәсіпті бүгінде перзенті абыроймен жалғастырып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бар саналы ғұмырын қазақ қолөнерінің дамуына арнаған Дәркембай Шоқпарұлы – ұлт ұстасы. Ол төл өнердің бойына қан жүгіртіп, ескіргенді жаңартқан жан. Тері әрлеудің жоғалып кеткен әдіс-тәсілдерін зерттеп ғана қоймай, мол туынды жасап қалдырған шебер. Әкесі Шоқпар Ерғожаұлы да Жетісу облысына танымал ұста болған екен. Осыдан-ақ асыл қасиеттің бойына әкеден дарығанын байқауға болады.

Дәркембай Шоқпарұлының перзенті Дәулет Дәркембайұлы да бүгінде қолөнерді халыққа кеңінен насихаттаумен айналысып жүр. Ол жастайынан әкенің өнегелі өмірін көріп өскенін айтады. Сондықтан оның ұлы есімін өшірмеу үшін білек сыбана еңбек етіп келеді. Бүгінде ол әкесінің 40 жыл бойы жер жаһанды шарлап, жинаған көне жәдігерлері мен өз қолынан шыққан туындыларын жинастырып, мұражай ашқан. Оған қоса, өзі де шеберханада түрлі бұйым жасайды.

«Өнерге қалай келгенімді өзіміз шынымды айтсақ білмей қалдым. Себебі бойыма қанмен дарыған, бала күннен көріп өскендіктен мамандықты таңдауыма әкем себепкер болды деп айта аламын. Өзінің туған Ақши ауылында қолөнер музейін ашсам деген арманы болды. Көзі тірісінде көре алмады. Бірақ ұрпағы, балалары, шәкірттері ол кісінің арманын жалғастырып, туған ауылында музейін аштық. Қазір халыққа қызмет жасап тұр», – деді мұражай директоры Дәулет Шоқпаров.

Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражайда 2400-ден аса жәдігер бар. Басым бөлігі ұстаның қолынан шыққан ерекше туындылар. Оған қоса, онда шебердің өзі қолданған ескі құрал-жабдықтары да бар. Шәкірті бүгінде мұражайды насихаттап келеді. Өзі де қолы қалт етсе, ұстазы үйреткен тәсілмен теріні өңдейді.

«Қазіргі таңда жоғалып бара жатқан ұлттық жәдігердің бірі десек те болады. Кезінде ата-әжелеріміз осы ыдыстармен бие, сиыр сауып, тұрмыста тұтынған бұйымдар. Қазір соны музей саласында қызмет етіп жүргендіктен қайта жасап жаңғыртып жүрміз», – деді мұражай қызметкері Ринат Мүлікбаев.

Әкеден қалған өнерді ұлы ары қарай да жалғастыруды көздейді. Болашақта мұражай жанынан Алматы облысындағы қолөнер шеберлерінің орталығын ашуды армандайды.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде 396 жол учаскесін су басу қаупі бар