Таразда 3 жасар бала тігін инесін жұтып қойды

25.01.2023 в 14:33

Оның асқазанынан 4 тігін инесі табылды

Таразда тігін инесін жұтып қойған 3 жасар баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бүлдіршіннің жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақ халаттылар жедел әрекет етіп, қауіптің алдын алды. Балдырған қазір аурухананың хирургиялық бөлімінде ем қабылдап жатыр. Есте болса, осыдан бірнеше күн бұрын Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына бүлдіршіннің анасы келіп, оның әлденені жұтып қойғанын айтқан еді. Дәрігерлердің бақылауынан кейін оның асқазанынан 4 тігін инесі табылған болатын.

«Баланың асқазанынан эндоскопиялық жолмен ФГДС және колоноскопия әдісі арқылы 4 ине алынды. Көбіне балалар тиын, ойыншық, пластмасса, сырға сияқты заттарды жұтып қояды», – деді Жамбыл облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәулім Кенжеәлі.