Алматыдағы балаларға арналған шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жаңа жылдық ертеңгілік өтті

20.12.2022 в 15:58

Мерекелік концертті ұйымдастыруға 100-ден аса қызметкер атсалысқан

Алматыдағы балаларға арналған шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жаңа жылдық ертеңгілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президенттің тапсырмасына сәйкес балаларды Жаңа жылмен құттықтауға ерекше көңіл бөлінді. Биыл Алматыда дәстүрлі түрде мектептерде, әлеуметтік орталықтарда, балаларға бейімдеу және көмек көрсету орталықтарында балаларға арналған шыршалар, сондай-ақ ХӘОТ санатындағы балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шыршалар өткізілді.

Мерекелік іс-шараға ем алып жатқан бүлдіршіндің барлығы қатысты. Сырқатына байланысты олар жаңа жыл мерекесін ауруханада қарсы алады.

«Он екі клиника бөлімшеде істейтін 100-ден астам қызметкер қатысып, мерекелік іс-шара ұйымдастырып жатыр. Түрлі облыстан келген балалар ұзақ жатады ғой. Алматының және Алматының жан жағындағы қаладан келген балалар бар. Мерекелік іс-шараны жыл сайын ұйымдастырамыз», – деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының клиникалық диагностикалық бөлімше меңгерушісі Мұрат Дүйсебаев.

Мерекелік жиын өткізу бүгінде дәстүрге айналған. Себебі мұндағы балалардың емделу уақыты ұзаққа созылады екен. Ақ халаттылардың айтуынша, осындай іс-шаралар бүлдіршіндердің ем алуын жеңілдетеді. Айта кету керек, мерекелік концертті ұйымдастыруға 100-ден аса қызметкер атсалысқан.

«Ауруханада жатқан балалардың көңіл күйін көтеру үшін, көңіл күй сыйлау үшін жыл сайын өткізілетін іс-шара болып саналады. Барлық бөлім қызметкері және ауруханада жатқан баланың барлығы қатысады», – деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының эпидемияға қарсы жұмыс бойынша бөлім басшысы Айдана Мақұл.