Алматыда қандай медицина нысандары салынып жатыр

31.08.2022 в 16:33

Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы – қаланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі

Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы – қаланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл туралы Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қаламызда жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі, халыққа медициналық көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, емханалар мен ауруханалар заманауи медициналық және технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүріп жатыр және сейсмотұрақтылықты күшейту жұмыстары жүргізілуде», деді Ұ. Оңалбаев.

Бұл балалар жедел медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусының, Кемел және Мамыр шағынаудандарында 200 орынды отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы.

Сонымен қатар биыл Нұршашқан, Қарасу, Саялы шағынаудандары мен Айбасов көшесінде орналасқан отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады.

Тамыз айында Айнабұлақ шағынауданындағы №11 қалалық аурухана ғимаратының сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары аяқталды. Биыл 80 мың төсек-орынды №7 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесі пайдалануға берілді.

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламалары мен материалдарын тарату кезінде ӨКҚ-ға сілтеме жасау міндетті.