Атырау облысында шприц шығаратын зауыт жабылып қалуы мүмкін

28.02.2023 в 19:41

Зауыт басшысы мемлекеттен көмек сұрап отыр

Атырау облысында шприц шығаратын жалғыз зауыт жабылып қалуы мүмкін. Өйткені ішкі нарықта өнімге сұраныс аз. Амалы таусылған кәсіпорын басшылығы тауарды шетелге экспорттауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл - Атыраудағы шприц шығаратын жалғыз зауыт. Ол осыдан 13 жыл бұрын іске қосылған. Кәсіпорын жылына 160 миллион дана өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда шприцтің 5 түрі жасалады. Шамамен 160 адам жұмыс істейді. Алайда соңғы 6 жылдан бері зауыт отандық өнімді жергілікті мекемелерге өткізе алмай отыр. Зауыт басшысының айтуынша, шығаратын шприц құны 16-17 теңге болғандықтан, медициналық мекемелер оны қымбатсынып алмайтын көрінеді. Емханалар мен сауықтыру кешендері де 2-3 теңгеге ғана арзан өнімдерді шетелден алдыртады деп наразы. Сондықтан кәсіпорын медициналық бұйымдарын шетелге экспорттайды.

«Әзірге жұмыс істей береміз. Себебі барлық жабдық бар, қызметкерлерді жұмыссыз қалдыра алмаймыз ғой. Нарықтағы баға – бәрімізге ортақ. Бірақ шприц елге Қытай мен Өзбекстаннан келеді. Ал біз керісінше, көрші мемлекеттерге сатамыз. Бұлай жалғаса берсе, жабылып қалуымыз әбден мүмкін», – деді зауыт директоры Аслан Қабдуллин.

Қазір елде шприц тапшы. Жергілікті медициналық мекемелер өнімді дәл осы Атыраудағы зауыттан қарызға сұрайды екен. Себебі дистрибюторлер тендерде ұсынылған бағаға қанағаттанбайды. Тасымал да соның кесірінен тежелген екен. Мәселен, тегін көмекке мұқтаждардың арасында Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталығы да бар.

«Барлық жерде шприц жоқ. Біздің облыста емес, бүкіл республика бойынша жоқ. Біз мемлекеттік сатып алуға саламыз. Бірақ осы уақытқа дейін ешкім шықпады. Біз жергілікті зауытқа шықтық. Олар бізге демеушілікпен берді», – деді Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының директоры Қуаныш Нұрмұханов.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар отандық өнім өндірісін қолдайды. Қордаланған мәселені министрлікке талай рет айтқан. Бірақ нәтиже жоқ.

«Бұл мәселені біз шешпейміз. «СҚ Фармация» ЖШС мен министрлік бар, шешім қабылдайды», – деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Бәйдуәлиев.

Өзекті мәселеге қатысты қос бірдей жауапты министрлікке сауал жолдадық. «СҚ Фармация» өкілдері арнайы тізіммен ғана жұмыс істейтінін айтып ақталса, Денсаулық сақтау министрлігіндегілер, тіпті шприц тапшылығы барын білмейді екен.

«Атырау облысындағы Денсаулық сақтау басқармасымен хабарласқан кезде, шприц тапшылығы жайлы ақпарат айтқан жоқ. Өйткені оларда бәрі жеткілікті», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің басқарма басшысы Мейіржан Әбдіханұлы.

Зауыт басшысы әзірге тек мемлекеттен көмек сұрап отыр. Егер мәселе шешілмесе, еліміз үшін аса маңызды кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау