Бекболат Тілеуханның қандай қызметке тағайындалғаны белгілі болды

29.12.2021 в 10:32

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, депутат міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан былай Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті міндетін атқармақ. Осы орайда ол бүгін Мәжіліс мінберінен сөйлеген сөзінде жаңа қызметі бойынша өмірінің келесі кезеңіне қадам басып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол әріптестеріне  «...парасат көздеріңіз тарихи санамен, мемлекетшілдік оймен әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен» деген өтінішін білдіріп кетті.

«Бұл бүгін шешілген дүние емес. Барлығы алдын ала ойланып жасалды. Маған 27-қыркүйекте жалпы Түрік Парламенті Ассамблеясында осындай ұсыныс жасалды. Шешімге сол кезде келдім», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Бекболат Тілеухан

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Бекболат Тілеуханның жаңа қызметіндегі жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ Мәжіліс атынан «Алғыс хат» табысталды. Айта кетейік, ол Мәжілістің 3-ші шақырылымында депутат болып сайланған еді.

«Бекболат Қанайұлын баршаңыз жақсы білесіздер, елімізде танымал тұлға. Бекболат Тілеуханды білмейтін қазақ жоқ десек артық болмайды. Ол саясатта болсын, өнер саласында болсын, қоғамдық жұмыстарда болсын, үлкен үлес қосып келе жатқан абыройлы азаматтарымыздың бірі. Бірінеше шақырылым Мәжіліс депутаты болды, халыққа қажетті заңдар қабылдауға ықпал етті. Әсіресе, еліміздің әлеуметтік-мәдени жолында Бекболат Қанайұлының рөлі өте зор», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.