Алматыда орта білім беру саласында 291 мектеп жұмыс істейді – Бақытжан Сағынтаев

25.12.2021 в 09:57

Алматыда орта білім беру саласында 291 мектеп жұмыс істейді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Іnstagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Алматыда орта білім беру саласында 291 мектеп жұмыс істейді. Соның 207-сі мемлекеттік мектеп. Барлығы 303 110 оқушы білім алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 12 мыңнан астам оқушыға артық. Бүгінде оқушы орны тапшылығы – 33 812.

Бұл мәселені шешу үшін «қадамдық қолжетімділік» қағидаты аясында 12 600 орынға арналған 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 5100 орынға арналған 3 мектеп биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі", – деп жазды Б. Сағынтаев.

Сондай-ақ қала әкімі Жаңа оқу жылының басында жеке инвестиция есебінен 2656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылғанын айтты.

"8263 орынға арналған мектепке жапсарлас 17 жаңа корпустың құрылысы жалғасуда. Бұл ретте 4600 орынды 11 корпустың құрылыс-монтаждау жұмысы бітті. Қалған 3663 орынды 6 ғимараттың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа оқу жылының басында жеке инвестиция есебінен  2656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды", – дейді қала әкімі.