Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне:
әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу; ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіру; ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындауды және жүргізуді үйлестіру; ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу; ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу; ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу; ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.
Еске сала кетейік, биылғы 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын. Академиктердің ұсынысы бойынша Үкімет ҰҒА-ны трансформациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оның негізгі міндеті Академия қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру болды.