Илон Маск Марсқа ұшатын адамдар аман қалмауы да мүмкін екенін айтты

27.04.2021 в 12:35

Илон Маск 2050 жылға қарай Марсқа миллион адамды жіберуді жоспарлап отыр

Америкалық кәсіпкер, Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Маск SpaceX-тің Марсқа жасайтын миссиясы кезінде адамдар аман қалмауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Илон Маск X Prize Foundation компаниясының негізін қалаушы Питер Диамандиспен сұхбат барысында Марсқа саяхат туралы ойын бөлісті.

Ол адамдарды қызыл ғаламшарға NASA ғарышкерлерді Марсқа қондырғанға дейін 2026 жылға қарай жіберуге үміттеніп отырғанын айтқан болатын.

«Марсқа саяхат – Антарктидаға бара жатқан Шаклтонның жарнамасымен бірдей. Сіздер мұның қауіпті, ыңғайсыз және ұзақ екенін білесіздер. Сіз аман қайтпауыңыз да мүмкін, бірақ бұл керемет шытырман оқиға, тәжірибе болады. Иә, шынымды айтсам, сіз өліп қалуыңыз да мүмкін, жақсы тамақ және басқа заттар болмауы мүмкін», – деді кәсіпкер.

Илон Маск 2050 жылға қарай Марсқа миллион адамды жіберуді жоспарлап отыр. Ол Starship кемесі өзінің адамзатты басқа планетаға қоныс аудару жоспарын жүзеге асыратын кілт болатынын және адамдар Марсқа зымыранмен екі жылда жете алатынын айтты.