Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Алматыда ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар іс-шара өтеді

04.10.2021 в 17:55

Өмірін ағартушылыққа арнаған мамандарға төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұстаз мәртебесін көтеру және оны қолдау мақсатында бірқатар іс-шара өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева педагогтерді марапаттау рәсімінде мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ мереке күні өмірлік жолын ағартушылыққа арнаған мамандарға төсбелгілер тағып, алғыс хаттар берді.  

«Бүгінгі іс-шарамызды сондай үлкен іс-шараларға дайындық деп есептейік. Ұстаздар қауымы үшін биылғы жылдың ерекше болуының басты себебі – қазақ халқының ағартушы, ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Салтанатты жиында «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі төрт бірдей ұстазға табысталды. Ел педагогтері үшін ең беделді саналатын марапатқа ие болғандар еңбегінің еленгеніне алғыс білдіріп, өзге әріптестеріне толағай табыстар мен мұғалмас ерік-жігер тіледі.  

«Бұл марапат үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл марапатты, әрине, көп ұстазға беруге болады. Көп ұстаз бұл марапатқа ие болуға лайық», – деді О.Жандосов атындағы №105 гимназия мұғалімі Ұлғаным Әубекерова.