Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады

27.01.2022 в 16:12

БҒМ жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр

Қазақстанда онлайн университеттер ашылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Оның айтуынша, жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттар саны 5 мыңға ұлғайып, оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Ал Шолпан Каринова биыл 120 мыңнан астам қазақстандық азамат тегін техникалық және кәсіптік білім ала алатынын айтты. Одан бөлек, вице-министр балабақша мәселесін де көтерді. Мысалы, еліміздің балабақшаларында енді әлеуметтік тәрбиешілер жұмыс істейтін болады.  

«Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің 27 пайызының тиісті мамандықтары жоқ. 51 пайызы ғана бүгінге дейін біліктілік санатын өзгертті. Сонымен бірге балабақша деңгейіндегі бір топқа бекітілген тәрбиешілердің жеткіліксіздігін, яғни олардың жұмысында ауыртпалық бар екенін көріп отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін 2022 жылдан бастап былтыр бекітілген модельді іске асыру басталады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Ал ел Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмыстарының тұжырымдамасы әзірленеді деді. Оның атап өтуінше, білім беру жүйесі рухани бай, адамгершілігі мол, зияткер, шығармашыл тұлғаларды дайындауы тиіс. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары тұжырымдаманы Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарына енгізу қажеттігін айтып, бірінші вице-министр Шолпан Кариноваға келесі аптада жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндауды тапсырды.  

«Мен бұл жөнінде арнайы кеңес өткізіп, тәрбие жұмыстары жөнінде тұжырымдама әзірлеуді тапсырған болатынмын. Тұжырымдамада мектепке дейінгі ұйымдардағы, мектептегі, колледждегі және жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстары толық қамтылатын болады. Тұжырымдамада жастарды еңбекке, спортқа, шығармашылыққа баулу басым бағыттар болуы тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.