Мектепте оқушылардың телефон ұстауы шектелуі мүмкін

30.11.2023 в 18:11

Елде 52 апатты оқу ордасы бар

Оқушылардың телефон ұстауы шектелуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс смартфонға қатысты жаңа заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрынғы бас мұғалім мінберге шыға сала бірінші мектептің жайын айтты. Қазір елде 52 апатты оқу ордасы бар. Асхат Аймағамбетов «қабырғасы қирап, еденінен шатырына дейін тозған білім ошақтарын тексеру керек» деді. Ұсынылып отырған заң жобасында осы мәселеге ден қойылған. Депутаттың айтуынша, пайдаланып келе жатқанына 30 жылдан асқан мектеп пен балабақша ғимараттарына әр 5 жылда мониторинг жүргізілуі керек.

– Жобада үш негізгі бағыт бойынша нормалар қарастырылған. Бірінші бағыт – балалардың қауіпсіздігіне және құқықтарын қорғауға қатысты норма.  Соңғы кезде мектеп ғимараттарының төбесінің құлауы сияқты фактілер жиіленіп кетті. Сондықтан біраз жылдар бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қауіпі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Сабақтағы баланың телефонға телміріп отырмауын да Мәжіліс қолға алмақшы. Әзірленген құжатта оқушыға телефон ұстауға тыйым салу көзделген. Оқу процесіне қатысы жоқ болса, мұғалім ұялы телефонын жинап алуына болады. Мәжілісмендер ата-аналар тарапынан да жиі арыз-шағым түсетінін алға тартты.

– Ұялы телефонның тәртібін заң жобасы нақты реттеп отыр. Егер мұғалім өзінің нақты оқу бағдарламасына ұялы телефонды пайдалануды жоспарлаған болса, ол алдын ала білім алушыларды телефон пайдалануға шақыруы керек. Министрліктің №70 бұйрығына сай, балалардың жеке заттарын сақтауға арналған жәшік қарастырылған, – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Баланың бас амандығы да маңызды құжатта қарастырылған. Бұдан былай көп қабатты тұрғын-үйлерде терезенің сыртын арнайы құлыппен жабдықтау міндеттеледі. Депутат Асхат Аймағамбетов елде қазір терезеден құлау фактісі жиілегенін айтты. Соңғы 2 жылда 100-ден аса қайғылы жағдай тіркелген.

Кәмшат Болатқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мектептерде діни ақпаратқа жол берілмейді – Аймағамбетов