Алматыда мұғалімдерге арналған үш күндік интенсивті курс басталды

14.02.2022 в 19:26

50-ге тарта мұғалім қатысқан курста білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдер үйретілмек

Алматыда EdCrunch Academy және қалалық әкімдік өкілдерінің ұйымдастыруымен «Алматы мектептері» бағдарламасы аясында мұғалімдерге арналған 3 күндік интенсивті курс басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

50-ге тарта мектептің мұғалімі қатысқан курста білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдер үйретілмек.  

«Бұл курста жаңа платформалармен жұмыс істеуді білеміз, үйренеміз. Оны тек өзіміз үйренбей, ұжымымызға да үйрететін боламыз», - деді мұғалім Динара Сапарова.

Еске салайық, бұған дейін қалада білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту бойынша «Алматы мектептері» бағдарламасы іске қосылған еді. Жоспар бойынша, 2024 жылға дейін 10 мыңнан астам педагог пәндік білім, цифрлық технологиялармен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту саласында кәсіби қайта даярлаудан өтеді.  

«Ұстаздарымыз жаңа технологияларды қолдана отырып әлемдік стандарт бойынша оқытады. Мысалға, функционалдық сауаттылық курсы PISA стандарттары бойынша оқушылардың білім деңгейін арттыруға негізделген. Қазіргі таңда біздің ұстаздарымыз сол курстарды өтуде», - деді ұйымдастырушы Бұлсайран Базарқызы.