Биыл Алматыда 27420 оқушы мектеп табалдырығын аттады

01.09.2020 в 20:23

Еліміздегі мектептердің 80 пайызы онлайн оқытуды жалғастырады

Бүгін еліміз бойынша жаңа оқу жылы басталды. Биылғы жылдың өзіндік ерекшеліктері жайында ел құлағдар. Еліміздегі мектептердің 80 пайызы онлайн оқытуды жалғастырады. Сәйкесінше, қаладағы барлық мектепте алғашқы қоңырау онлайн соғылды. Қала мектептері қашықтан оқуға қаншалықты дайын? Биыл мектеп табалдырығын аттаған балғындарға жаңа жүйе тиімді ме? Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын мұғалім мен ата-ананың пікірін тыңдап келді.

Әр жыл сайын күз мезгілінде ақ көйлекпенен көк галстук таққан оқушылар алғашқы қоңырауға жиналатын. Бұл үрдіс орындалмады биыл да. Еліміздегі мектеп оқушылары секілді Алматы қаласының балғындары да бүгін оқу жылының алғашқы қоңырау үнін онлайн тыңдады. Бұл оқушылар мен мұғалімдер әрі ата-аналардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам.

Бүгін Еренбаковтар отбасы үшін зор қуаныш. Үйдің тұңғышы Әмина бүгіннен бастап білім теңізінің ескегін еспек. Биылғы оқу жылы кішкентай балғын үшін ерекше басталды. Ол бүгін онлайн платформа арқылы сынып жетекшісімен танысты, сыныптастарымен де қашықтықтан жүздесті. Әминаның қос әжесі немересін мерекемен құттықтап келді.

«Қазір инстаграм желісінде ватсаппен әр түрлі ақпараттар тарап жатыр. Коронавирустан бөлек, кавасаки деген жаңа дерттің пайда болғаны жөнінде де айтылуда. Сол себепті балаларымыздың денсаулығына қауіп төнбес үшін онлайн оқытуды қолдаймыз. Барлығы біздің бала-шағамыздың денсаулығы үшін жасалып жатқан шара екеніне түсіністікпен қараймыз. Бұған еш қарсылығымыз жоқ», – деді ата-ана Гүлфия Жәрдемова.

Биыл қала бойынша Әмина секілді 27420 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Білім беру ғимарттары қашықтан оқытуға сақадай сай. Қол тазалайтын санитайзер ғимараттың әр жерінде орналасқан. Қаладағы барлық мектепте алғашқы қоңырау бүгін онлайн соғылды.

Қала бойынша 75 мың бала мен 2 мың мұғалім компьютерлік техникамен қамтылды. Бл мәселе мектептердегі қаржыландыру есебінен 9 мың ноутбук, жергілікті бюджет есебінен 11 мың ноутбук, үкіметтің резевтік қоры есебінен 30 мың дана компьютер сатып алу арқылы шешілген. Одан бөлек 22 мың планшет пен мектептегі бар компьютерлер оқушыларға таратылып берілді.

«Алматы қаласының цифрландыру басқармасының және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, қаламызда интернеті нашар 46 жер анықталды. Осыған орай, интернет желісімен қамтылмаған, 22 мыңнан астам балаларға SIM-карталар берілетін болады. Интернетпен қамтылмаған мұғалімдерге мектептерге келіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн сабақтарды жүргізуге мүмкіндік берілген», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Дәл қазір қала бойынша оқушыларға арнап 400 видеосабақ түсірілді. Қалалық Білім басқармасы басшысының айтуынша, бұл жұмысқа білікті мұғалімдер қатысқан. 1 мен 11 сыныптар үшін ол бейнасабақтар Алматы телеарнасынан көрсетілетін болады.