Алматыда үздік білім беру ұйымы марапатталды

06.10.2023 в 18:16

С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицей ең жоғары ұпай жинады

Алматыда «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпазы марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Алмалы ауданындағы С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицей ең жоғары балл (1671,43) алды. Жеңімпазға білім беру ұйымын материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту және білім беру үдерісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы әкімінің 56 млн теңге көлеміндегі гранты берілді. 

Байқау комиссиясының құрамына қала әкімінің орынбасары, Білім басқармасының өкілдері, білім беру ардагерлері, республикалық білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың директорлары кірді.

2023 жылы байқау екі кезеңде өткізілді: аудандық кезең – 26 сәуірден 5 мамырға дейін және қалалық кезең – 10 мамырдан 30 маусымға дейін. Бірінші кезеңде аудандардан сегіз орта білім беру ұйымы ұсынылды. Олардың ішінде: Алатау ауданының №180 жалпы білім беретін мектебі; Алатау ауданының № 201 мектеп-гимназиясы; Алмалы ауданының С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейі; Әуезов ауданының А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы; Бостандық ауданының Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі; Жетісу ауданының Сүйінбай атындағы № 143 мектеп-лицейі; Наурызбай ауданының №174 мектеп-гимназиясы; Түрксіб ауданының №198 жалпы білім беретін мектебі.

Жеңімпаз бірнеше критерий бойынша таңдалды. Олардың ішінде: технологияларды оқу үдерісіне енгізе білу, мұғалімдердің өзін-өзі жүзеге асыруына жағдайдың болуы және оқушылардың оқуда жоғары көрсеткіштері. Әр критерий үшін оқу орны балл алды.

«Орта білім берудің үздік ұйымы» байқауының жеңімпазын салтанатты марапаттау 2023 жылғы 6 қазанда Almaty театрында өтті және Мұғалімдер күніне орайластырылды.

Оқи отырыңыз: Сингапурда оқу-тәжірибесінен өтетін мұғалімдер тізімі белгілі болды