Жаңа оқу жылында тегін тамақ кімдерге беріледі

14.08.2023 в 19:31

Республика бойынша тегін тамақтану құны бір балаға орта есеппен 577 теңге болып бекітілген

Жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Елімізде алғаш рет 1-4 оқитын балалар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ыстық ас ішетін болады. Қазір министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр. Бұған шамамен 90 млрд теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектеп асханаларына қатысты мәселе жылда көтеріледі. Үйдегі ата-ана білім ошақтарындағы ас мәзіріне алаңдап отырады. Асхананың бірінде тазалық сақталмаса, енді бірінде балаларға құнарсыз, дәмсіз, дәруменсіз тағам ұсынылып келеді. Бұл мәселеге қатысты министрлік жаңа оқу жылында жаңа талап енгізілгенін атап өтті.

– Ас мәзірі жөнінде сұрақ көп. Әрбір жергілікті өңір өз ерекшелігіне байланысты ас мәзірін қалыптастырады. Яғни, екі апталық ас мәзірі бекітіліп беріледі, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Биыл алғаш рет еліміздегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Енді 1-4 оқитын балалар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, мектепте бір уақыт ыстық ас ішеді. Республика бойынша тегін тамақтану құны бір балаға орта есеппен 577 теңге болып бекітілген. Ең жоғары баға – Алматы қаласында 800 теңге болып тіркелді.

«Тағамдары кейде дәмді болса, кейде құнарсыз болады. Ол тендер ұтып алған компанияға байланысты шығар деп ойлаймын», «Төрт балам бар. Екеуі  студент, екеуі мектепте – біреуі бастауыш сыныпта, біреуі орта сыныпта оқиды. Бастауыш сыныптағы балам мектептен тамақ ішеді, орта сыныптағы балам ішпейді. Дегенмен тамаққа қатысты шағым айтқан емес», деп пікір білдірді қала тұрғындары.

Тегін тамақтану мүмкіндігі ел бойынша 1,5 миллионнан астам оқушыға беріліп отыр. 

Айта кетсек, бұған дейін тек Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облысының оқушылары ғана ыстық аспен қамтылатын.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Мектепке жол»: Алматыда кімдер көмек ала алады