Алматыда студенттер университеттің тым жоғары талап қоятынына шағымданды

14.02.2022 в 20:41

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 4-курс студенттері тағы бір жылға қалатын түрі бар

Лицензиясынан айырыл қалған Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 30-дан астам студенті жаңа ауысқан оқу орнында емтихан тапсыра алмай отыр. Олардың айтуынша, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушылары өте жоғары талап қояды. Соның кесірінен тағы бір жылға қалатын түрі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Студенттер мен мұғалімдер арасындағы дауға университет себеп болған. Шет тілдер және іскерлік карьера университеті қазір жабық тұр. Мұнда оқитын студенттердің жартысы Абай атындағы педагогикалық университетіне, енді бір жартысы Ұлттық қыздар университетіне ауыстырылған. Ал тағы бір бөлігі Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне жіберіліпті.

Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне бұл тәлімгерлер желтоқсанда ауыстырылған. Содан бері студенттер мұғалімдер бізге қырын қарап, шеттетіп келеді, іштей қысым жасайды дейді.

«Бізді ғана құлатып тұр ғой. Басқа универдегі балалар құлаған жоқ. Осы оқу орнына түскенде бізге мұғалімдер «сендер қарапайым университеттен келдіңдер де, біздің беделді дипломымызды алғалы тұрсыңдар» деп айтқан болатын. Небәрі алты ай қалғанда 4-курстің студенттеріне обал ғой», - дейді 4-курс студенті Дария Бахад.

«Әрине, егер бір жылдық білімді бір аптада беретін болса, бұларда қандай білім болады? Тек осы балаларға шүйлігіп отыр. Басқа студенттер оқып жатыр, өтіп жатыр. Дипломына дайындалып жатыр. Бастапқы оқыған университеті жабылып қалса, бұлар кінәлі емес қой», - дейді ата-ана Нұржан Жақсыбаев. 

Оқу орнына 37 студент қабылданыпты. Екеуі өз еркімен шығып кеткен. Қалған студентке университеттің өз бағдарламасымен жасалған материалдар ұсынылған. Студенттер бұл материалдарды бір жарым айдың ішінде игеруі керек еді. Соның шеңберінде екі рет емтихан тапсырыпты. Алайда екеуінде де жаппай сыннан өтпей қалған.  

«Мысалы, менің балам бірінші сессияда бір сабақтан қалып тұр. 40 баланың ішінен екі баланы ғана өткізген. Олай болмайды ғой. Сонда 38-і «құлап» тұр, жаздық сынаққа қалып тұр», - дейді тағы бір ата-ана Раушан Амалбекова.

Студенттердің сөзінше, енді оқу орны бұл тәлімгерлерді келесі жылға тағы бір курс оқуға қалдырмақшы. Бірақ жастар мұнымен келіспейді әрі университет тағы өткізбей қояды деп үрейленіп отыр.

«Ертең курсты қайта оқысақ та, бізге бұлар диплом береді дегенге сенбейміз. Шынымды айтсам, бұл оқу орнына сеніп тұрғаным жоқ. Одан да бізді Абай атындағы педагогикалық университетке немесе Қыздар педагогикалық университетіне ауыстырып, биылдан қалмай сол жақтан бітіріп шығуға мүмкіндік берсе екен. Өйткені біздің қанша уақытымыз кетті», - дейді 4-курс студенті Ботагөз Орынбай.

«Басқа оқу орындарынан сұрастырсақ, мысалы, Абай атындағы университетке ауысқан 500 студенттің бәріне көмектесіп, ауыстырған екен. Қазір оларда практика жүріп жатыр. Ал бізге «келісімшарт бойынша қайтадан 4-курс оқисыңдар деп жатыр. Біздің келер жылға қалғымыз келмейді. Қаншама оқыған жылдарымыз босқа зая кете ме?», - деп күйінеді 4-курс студенті Гүлмира Таубаева.

Біз оқу орнының өкілдерінен жауап алмақ болғанымызбен, бастапқыда университет басшылығы жауап беруден бас тартып, ішке журналистерсіз, тек ата-аналардың кіруіне рұқсат берілетінін жеткізді.

Бір сағат күтіп, Білім және ғылым министрлігіне хабарласқанымыздан кейін ғана жауаптылар мән-жайды түсіндіруге шықты. Олардың айтуынша, студенттердің білім деңгейі төмен екен.

«Біз балалармен әңгімелестік. Ағылшын тілінде өткіздік. Сол кезде балалардың білімінің жетіспейтінін байқадық. Тырысыңыздар, оқыңыздар деп айттық. Ал енді сіздер айтып отырған басқа универсеттерге барғанда, олардың үлгерімі жақсы болып кетеді дегенге ештеңе айта аймаймын», - деді Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті педагогика факультетінің деканы Айбарша Ислам.

Не керек, сөйлесе келе, университет сырттан келген студенттерге шектік емтихан тапсыруға тағы бір мүмкіндік берді. Оның дайындығына 1-2 апта уақыт беріледі. Бірақ студенттердің көкейінде «мұндай қысқа мерзімде дайындалып үлгереміз бе, сыннан тағы өте аламыз ба?» деген күдік пен сұрақ басым болып отыр.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы