Шымкенттегі «Даму бала» бағдарламасының нәтижесі жойылады

13.09.2023 в 20:24

Платформаға 20 мың шәкірт жазыла алады

Шымкентте «Даму бала» бағдарламасына сеніп далада қалған ата-аналар шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкімдік алдына баласын тегін үйірмеге бергісі келген ата-аналар мен үйірме қожайындары жиналды. «Даму бала» бағдарламасы ешкімді қарық қылмай отыр. Себебі, тіркеу жарияланған бойда 7 минут ішінде 10 мыңнан аса орын үлестіріліп кеткен.

– Сайтқа тіркеле алмадық. Шымкент қаласы бойынша байланыс дұрыс істемейді. Ал ебін тауып кірген кезде, сайт жабылып қалған. Сайт жұмысын тексеруді талап етеміз, – деді ата-ана Торғын Құлымбетова.

– Мәдениет басқармасы бір минут қалғанда хабарлады. Дереу ата-аналарға айттық. Жеті минут ашық тұрды, ата-аналар тіркеліп үлгермеген. Тамызда жаңадан тіркелген мектептер 200-300 баладан алғанын көріп отырмыз. Олар қалай тіркелді? – деді кәсіпкер Айбаршын Байжігіт.

Тегін үйірмеге тіркеу платформасында шикілік көп деген шымкенттіктер бағдарламаның жаңартылып, қайта жариялануын сұрайды. Себебі көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырғандар бағдарламаға сенім артып отыр. Әкімдік өкілдері жиналыс өткізіп, бұрынғы шешімді жоятынын жариялады.

– Нақты шешімге келсек, нәтижені жоямыз. Барлығы заң аясында өтуі тиіс. Ата-аналардың сұранысы бойынша ертең жиналыс жасаймыз, – деді Мәдениет және тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев.

Шымкенттегі балаларды тегін үйірмеге тіркейтін «Даму бала» бағдарламасының нәтижесі жойылып, қайта жаңартылады. Платформаға 20 мың шәкірт жазыла алады. Ол үшін бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініпті.

Гүлмарал Изатқызы, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Мектептерде психологтың жұмысы күшейтіледі