Рейд жүріп жатыр: Алматыдағы ЖОО дәстүрлі оқу жүйесіне қаншалықты дайын

17.08.2021 в 21:27

Бүгіннен бастап қалада арнайы мамандардан жасақталған топ университеттер мен жатақханалардың талапқа сай жасақталуын тексеріп бастады

Мектептер дайын болғанымен Алматыдағы кейбір жоғары оқу орындары дәстүрлі оқу форматына көшуге дайын емес. Бүгіннен бастап қалада арнайы мамандардан жасақталған топ университеттер мен жатақханалардың талапқа сай жасақталуын тексеріп бастады. Одан бөлек, қызметкерлердің екпе алған, алмағаны да маңызды. Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалы.

Қазақстан-Ресей медицина университетінің ғимараты талапқа сай жасақталса да, мұндағы қызметкерлер мен студенттердің екпе салғызу қарқыны мәз емес. Алайда дәрігерлерді дайындайтын мекеме басшылығы қандай да бір жауап беруден бас тартты. Ал, Санкт-Петербургтің гуманитарлық кәсіподақтар университетінің кіреберісінде «Ашық» қосымшасын қолдануды ешкім талап етпеді, дене қызуын өлшегендер де болған жоқ, тіпті қарапайым антисептикер де қойылмаған. Аудиториялар студенттерді қабылдауға дайын емес. Мекеменің әкімдікке берген ақпаратына сәйкес, қызметкерлердің тек 43 пайызы, ал студенттердің тек 13,3 пайызы екпе алған.

Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының жаңа оқу жылына дайындығы жақсы деп бағаланды. Кіреберісте дезинфекциялық туннел орнатылған. Келушілерден «Ашық» қосымшасын қолдану талап етіліп, дене қызуы өлшенеді. Санитарлық ережелердің барлығы ескерілген. Ал вакцина алған студенттерге оқу ақысына 10 пайыз жеңілдік қарастырылыпты. Одан бөлек, екпе салғызған 200 студент екінші жоғары білімді тегін алу мүмкіндігін иеленген. Одан бөлек Қазақстан-неміс университеті де талапқа сай. Қызметкерлердің 62 пайызы екпе салғызған. Ал Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ғимараттары жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылғандықтан жатақхананың екі қабаты уақытша оқу жұмыстары үшін жабдықталыпты. Онда да тиісті ереже ескерілген.

«Ректордың қаулысы шықты. Ол қаулыда жалпы барлық ППС дейміз ғой, барлық ППС және қызметкерлердің барлығына вакцинаны толық алу міндеттелген. Онымен қоса, біздің студенттеріміздің қатары  қазіргі таңда 844. Оның 70 пайызға жуығы вакцина алды. Ары қарай да түсіндірме жұмыстары жүргізіледі», – деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы проректорының міндетін атқарушы Мұхамбет Ешмұханов.

Мониторингтік топ құрамында қалалық қоғамдық даму басқармасының өкілдері, жастар ресурстық орталығының мамандары мен санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің сарапшысы бар.

«Біз оқу корпустары мен қатар жатақханаларды да тексердік. Санитарлық ережелердің қаншалықты сақталғаны, оқу бөлмелерінің талаптарға сай жасақталуын қарадық. Қызметкерлердің екпе салғызу қарқынына үлкен мән беріп жатырмыз. Өйткені бұл жастардың денсаулығы ғой. Тексеріс барысында жақсы нәтиже көрсеткендері де, осал болғандары кездесті. Жұмыстар ары қарай да жүргізіледі», – деді қалалық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов.

Айта кету керек, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғаспақ.

Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы