Мемлекет басшысы Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтады

10.07.2022 в 09:27

Президент Қазақстан туы астында сәтті өнер көрсеткені үшін алғыс айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинамен телефон арқылы сөйлесіп, оны тарихи жетістігімен құттықтады. Бұл туралы Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Еленаның асқан шеберлігінің, жеңіске деген ерік-жігерінің және оның кортта өзін ұстау мәдениетінің жоғары екенін атап өтті. Президент көрнекті спортшыны Қазақстан туы астында сәтті өнер көрсеткені және халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқаны үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның жарқын жеңісі Қазақстан теннисін одан әрі дамытуға, спорттың осы түріне балалардың көптеп тартылуына ықпал етеді деп санайды.