Қазақстанда 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

29.03.2022 в 14:34

Қазір 5 мыңнан астам мемлекеттік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

2025 жылға дейін елімізде 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкімет отырысында мәлімдеді. Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, қазір 286 нысанның құрылысы тоқтатылған. Оның 84-інде жұмыстың тоқтауына бағаның қымбаттауы себеп болған екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, алдағы үш жылда елде 62 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Министрдің айтуынша, қазір 5 мыңнан астам мемлекеттік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Үкімет отырысында Қайырбек Өскенбаев сондай-ақ Қазақстан Қара теңіздегі жүк кемелерін Каспийге қайтаратынын айтты.

"Екіншіден, сол Каспий бойынша паром тасымалын, кеме тасымалын, жүк тасымалын күшейтуіміз керек. Негізі 4 кемеміз бар. Оларды Қара Теңізден Каспий теңізіне алып келуіміз керек. «Осындай мүмкіндік бар, жүк тасымалының транзиті бойынша өте үлкен деңгейге жетейін деп жатыр. Сол себепті сіздерге үлкен мүмкіндік бар. Паром, кемелер сатып алуға ақша салыңыздар деп айтып отырмыз", –деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Ал ел Премьер-министрі Әлихан Смайылов Индустрия, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу шараларын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ол биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделетінін атап өтті.

"Жылжымалы жүк вагондарының паркі жылдан жылға тозып келеді. Ал толыққанды теңіз сауда флотының болмауынан теңіз логистикалық инфрақұрылымын толық қуатында пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан Индустрия министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын", – деді  ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Президенттің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырды. Жобада 10 бағыт бойынша 36 іс-шара қамтылған. Үкімет отырысында бұдан бөлек, Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы берілетіні айтылды. Сайлау науқанына қатысушылардың  қаржылық ашықтығы барынша қамтамасыз етілетінін де сөз болды.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Ринат Өтеев, "Алматы" телеарнасы