Алматы облысында қаза тапқан полицейлердің отбасына мемлекеттік наградалар тапсырылды

28.01.2022 в 16:48

Мемлекеттік наградаларды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тапсырды

Алматы облысында қаза тапқан полицейлердің отбасына наградалар тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қызметтік міндеттерін атқару үстінде қаза тапқан полиция қызметкерлері Дархан Барғанаев пен Ербол Ержанов «Айбын» орденімен марапатталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз сөзінде полиция қызметкерлері әрдайым қылмысқа қарсы күрестің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы қатарында екенін атап өтті.

Айта кетейік, қақтығыс кезінде еліміздің 8 полицейі қаза тапты. 2925-і жарақат алды.

«Бұл екі қызметкер террористердің шабулынан қаза тапты. Өмірінің соңына дейін қылмыскерлермен атысып, өз ғимаратын қорғап қалды. Олар кез келген марапатқа лайық. Себебі азаматтардың қауіпсіздігі және мемлекеттің тұрақтылығы үшін өз өмірлерін қиды. Батырларға тән ерлік көрсетті», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Полицейлердің күнделікті жұмысы өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. Қиын жағдайларда қызметкерлер бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр. Олардың кейбірі адам өмірімен байланысты болып жатады.

Әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерліктері үшін Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Ержанов III дәрежелі «Айбын» орденімен, Алматы облысы Полиция департаменті Жедел қимылдау арнайы жасағының қызметкері Дархан Барғанаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ербол Ержанов ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарды. Ол жас қызметкерлерге тәлімгер болды және екі баланы тәрбиелеп отырған кәсіби, адал қызметкер ретінде көпке үлгі еді. Дархан Барғанаев ІІО жүйесінде қызметін 2011 жылы бастады. Қызмет еткен жылдары ол өзінің кәсібилігін арттырып, қауіпсіздікті жақсартуға ұмтылды.