Қала әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға арнайы квота бөледі

24.08.2023 в 10:35

Бұл туралы Ерболат Досаев айтты

Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындар сұрағына орай, мүмкіндігі шектеулі жандарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін арнайы квота бөлетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурызбай ауданының тұрғыны, бірінші топ мүгедек, зағип жанның сұрағы:

Бізде жылына 15-16 студент медицина колледжін бітіреді. Өздеріңіз арнайы грант бөліп, оқытып жатырсыздар. Дипломымызды, арнайы сертификатымызды алдық. Бірақ қолымызда ЖОО-ның дипломы болса да, ешкім бізді жұмысқа алмайды. Өтініш, осыны өз назарыңызға алсаңыз!

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың берген жауабы:

Осыдан бұрын жеке колледждер біз бөлген грантпен балаларды оқуға да алмаған болатын. Бұл мәселемен маған хаттар да келіп түскен. Онда былай істейік, мен Денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берейін әрі арнайы квота да бөлейін. Әр емхананың ішінде өзінің квотасы болады. Биыл және бұрын бітірген мамандардың құжаттары бір апта ішінде жинастырылып, олардың бағалары, сертификаттары дұрыс болса, бір ай ішінде денсаулық сақтау мекемелеріндегі бос орынға орналастыру қарастырылсын. Жыл сайын бітірген мамандар санына қарай квота бөлінетін болады.