Fokker 100 ұшақтарын пайдалануға уақытша тыйым салынды

27.12.2019 в 20:47

Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеуде

Алматы Халықаралық әуежайындағы бір ұшу-қону жолағы уақытша жабылды. Ұшағы құлаған Bek air әуе компаниясына тиесілі ұшақтардың барлық бағыты тоқтатылды. Бұл тексеру жүргізілуге байланысты дейді мамандар. Сөздерінше, Алматы маңында ұшақ құлаудан 3 минут бұрын Эйр Астананың Алматы- Мәскеу бағытындағы әуе кемесі жолақтан аман-есен өткен. Ал Фоккер 100 ұшағының құлауына не себеп болды? Ұшқыш қателік жіберді ме? Әлде әуе кемесінде техникалық ақау пайда болды ма? Бұл сұрақтарды енді арнайы құрылған комиссия анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматы Халықаралық әуежайы. Bek air әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшаққа тіркеу таңғы сағат 5-тен 35 минут кеткенде басталды. Араға 1 сағат салып, тіркеу сәтті аяқталыпты. Әуе кемесі 7-ден 21 минут өткенде ұшуға аттанған. Экипаж мүшелері көңіл күйі жақсы болған. Жолға шыққан рейстің нөмірі 21 00. Бортта қолға ұстайтын жүкпен қосқанда 1200 келіге жуық жүк тиелген еді.

Алайда ұшақ әуеге көтеріле бергенде небары 4 минуттан кейін дабыл қағылған. Өйткені, ұшақ радардан жоғалып, экипаж хабарсыз қалған еді.

«7-ден 25 минут кеткенде апат туралы дабыл қағылды. Бірінші болып, ұшу жөніндегі жетекші әуе кемесінің радардан жоғалғаны туралы хабар берді. Апат орнына алғаш әуежай қызметкерлері жетті. Құтқару жұмыстары жасалды. Қолдан келгенше алғашқы көмек көрсетілді», - деді халықаралық алматы әуежайының директоры Болат ЕРЖАНОВ.

«Таңғы рейсті уақытылы бастап жіберген едік. Кезекшілікте мен болдым. Ақпарат бойынша экипаждың хал-жағдайы жақсы болды. Ешқандай ақау болған жоқ», - деді Bek air әуе компаниясының өкілі Қазыбек БЕРДІЖАППАРОВ.

Ал Премьр-министрдің орынбасары Роман Скляр әуе кемесінің артқы бөлігі ұшар алдында екі рет жолаққа ұрылған деп отыр. Яғни, ұшуға беттеп, шассиін жинаған соң араға 300-400 метр салып, ұшақтың арты жерге екінші рет тиген. Кейін оңға қарай бұрылып кетіп, қоршауға соғылыпты. Көзді ашып-жұмғанша жеке секторға жетіп, сонда тоқтапты. Апаттан әуе кемесі екі бөлікке бөлініп кеткен. Ұшақ алдыңғы жағымен құлағандықтан, сол жақта отырғандарға ауыр соққы тиіп опат болды деді Премьер-министрдің орынбасары.

«Ұшақ 1996 жылы шығарылған. Қазақстан рейстеріне 2016 жылдың 26-тамызында тіркелген. Bek air ұйымына 10 әуе борты тиесілі, олардың 9-да ұшақтық жарамдылық мерзімі бар. Қазіргі таңда әуе компаниясының жұмысы тоқтатылды. Көргеніміздей, ұшу-қону жолағының жағдайы жақсы. Талап етілген стандарттарға сай», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.

Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеуде. Тек Bek air  ұшқан жолақ тергеу үшін уақытша жабылған. Жалпы Алматыдағы әуежайда екі ұшып-қону жолағы бар. Апаттың салдарын анықтауға халықаралық авиациялық комитеті де жұмылдырылды.