Алматылық ардагерлерге әлеуметтік жәрдемақы беріледі

04.05.2023 в 11:04

Бұл туралы Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Құрманғалиев мәлімдеді

Алматылық 56 ардагердің әрқайсысы 1,5 миллион теңгеден алып, тағы 13 мың ардагерге әлеуметтік жәрдемақы беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Құрманғалиев Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы баяндады.

"Бүгінде Алматыда 56 ғана Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалды. Оларды материалдық қамтамасыз ету үшін 1,5 миллион теңге көлемінде бір жолғы төлем жасалады", - деді Серік Шолпанқұлұлы.

Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және басқа мемлекет аумағындағы соғысқа қатысқандарға жеңілдік  бойынша теңестірілген ардагерлерге 50 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі, ал олардың жалпы саны 13 мың адам.

Ардагерлер кеңесінің өкілі атаулы мереке күні қаладағы әрбір майдангерді олардың отбасына барып, қала басшылығы жеке құттықтайтыны жөнінде қоса айтты.