Қазақстандықтардың 100-ден астам елдегі шоттары тексеріледі

09.02.2021 в 16:10

Ол туралы бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді

Қазақстандықтардың ақшасы 100-ден астам елде іздестіріледі.  Ол туралы бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Айтуынша, капиталды шетелге шығаруға қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен, Ұлттық банк арасындағы электрондық мәліметтер алмасу шеңберінде көпжақты Конвенцияға қол қойылған. Сонымен қатар министр тауарды дұрыс декларацияламағандарға жауапкершілік күшейтілетінін жеткізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Елімізде кәсіпкерлер мораторийді пайдаланып, салық төлеуден жалтарған. Қаржы министрінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап тексерулерге енгізілген 3 жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендеткен.

«Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдады. Тек өткен жылдың өзінде «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жобасы аясында Мемлекеттік кірістер комитетіне заң бұзушылықтар туралы бейне-тіркеумен 16,5 мың хабарлама келіп түсті. Осыған байланысты біз мораторий туралы Жарлыққа азаматтардың шағымдары мен жосықсыз субъектілер бойынша тексерулерге оны қолданбау бөлігінде түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ал,  премьер-министр Асқар Маминнің атап өтуінше, декларациялау және көршілес елдер арасында кедендік статистикадағы алшақтық мәселесі әлі де шешілмеген. Бұл ретте тауарларды дұрыс декларацияламағаны үшін кеден саласындағы әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылды.

«Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін шекарада заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бойынша тәсілдерді әзірлеп, Үкіметке енгізсін», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Үкімет отырысында кәсіпкерлерге банктердің мобильдік қосымшалары арқылы тұтынушылардан түсетін ақша аударымдарын фискализациялау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл «көлеңкелі экономиканың» дамуына сеп болып отыр.  Ал, сыртқы және ішкі экономикалық жағдай бағытында негізгі кедендік төлемдер бойынша түсімдер төмендеген. Мұнай және металдар бағасының арзандауы есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі түсімдер 43 және ғылым мен техникалық сектор түсімдері 29 пайызға азайған. Әсіресе, Қазақстан-Қытай арасындағы сауда-статистика айырмашылығы 45 пайызға төмендеген.

Асылбек Тойбек