Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

21.03.2020 в 11:10

Әкім қауіпті індетпен күресте шыдамдылық қажет екенін атап өтті

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкім қауіпті індетпен күресте табандылық танытып жүргендерге күш-қуат тілей отырып, қалыпты өмірге оралу үшін шыдамдылық қажет екенін атап өтті.

«Құрметті алматылықтар!

Бұл күндері біз ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан, табиғаттың жаңаруы мен жаңа өмірдің басталуын бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлаймыз. Үйді тазартып қана қоймай, ойымыздағы артық әрі жағымсыз нәрселерден арылуға тырысамыз.

Қазір сын-қатерлер өршіп тұрған аумалы-төкпелі кезең. Өздеріңізді және жақындарыңызды күтіңіздер. Қауіпті індетпен күресте табандылық танытып жүргендерге күш-қуат тілейік. Қалыпты өмірге оралу үшін шыдамды болайық. Қуаныш пен шаттыққа толы жаңа әрі шуақты күнді қарсы алуға, ел болып соған қуануға жазсын», – деп жазды Алматы әкімі Инстаграм парақшасында.