«Ұлттық қор – балаларға»: Бағдарлама қашан іске қосылады

14.12.2022 в 11:10

Бұл туралы Тимур Жақсылықов айтып берді

Ұлттық экономиканың бірінші вице – министрі Тимур Жақсылықов қазіргі уақытта «Ұлттық қор-балаларға» бастамасын іске қосу тәсілдері пысықталып жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Вице – министрдің сөзінше, 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке жинақтаушы шоттар ашылады, оларға жыл сайын қаражат түседі. Шот операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» анықталыпты. Ал бағдарламаның өзі 2024 жылдан бастап жұмыс істейді.

«Жинақталған қаражат кәмелетке толған кезде ғана пайдалануға қолжетімді болады. Келесі жылы жобаны іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдау жоспарлануда»,- деді Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы жолдауында Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына аударуды ұсынған еді.