Бүгін Қазақстанның 730 елді мекенінде әкім сайланады

25.07.2021 в 11:16

Сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді

Бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сонымен 730 елді мекеннің әкімі сондағы тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. 

Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр. Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр. Өз үміткерлерін ұсынған партиялардың атынан қатысатын байқаушылардан бөлек, «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі де дауыс беру процесінің әділ өтуін қадағаламақшы.

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді.