Бүгіннен бастап банкроттыққа өтінім қабылдау басталады

03.03.2023 в 19:21

Былтыр 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды

Бүгіннен бастап жеке тұлғалар банкроттыққа өтінім бере алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін елімізде банкроттыққа өтінім беру басталды. 1 миллион 180 мың берешегі бар қазақстандық бастамаға қатыса алады. Алайда барлығына бірдей төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігі берілмейді.

Өтінім қабылдау басталғанын естіп өтініш беруге келген елорда тұрғыны Қайрат Қожабергенов ай сайынғы тапқан - таянғанын несиеге беріп жүр. Жылдар бойғы қарыздан әбден шаршаған астаналық азамат төлем қабілетін қайта қалпына келтіргісі келеді.

«Үкіметтің осы жасап жатқан бізге көмегі деп білемін. Неше жыл болды жұмысым жоқ. Қарыз, жабылмаған несие бар. Осы жоба жақсы деп отырмыз. Қарыздан құтылып, енді банктен несие алмаймые деп шештім», – деді қала тұрғыны Қайрат Қожабергенов.

Бас аманда банкке белшеден берешек боп жүрген қазақстандықтар саны қазір елде 1 миллион 180 мыңнан асады. Олардың қарызы - 1 триллион 100 миллиард теңге. Алайда барлығы бірдей банкроттыққа өтініш бере алмайды. Себебі негізгі талап бойынша өтініш білдірушінің атына тіркелген мүлігі болмауы қажет. Мұнымен қоса, қарызы 5 жарым млн теңгеден аспауы керек.

«Ең басты шарт – ХҚКО арқылы қабылданып жатқан заң бойынша көрсетілген 5 млн 520 мың теңгеден аспайтын қарыз деңгейі. Ол банктердің алдында немесе қаржы ұйымдарының алдында қарыз болған кезде азаматтар өтінішін egov.kz сайты арқылы өтініш бере алады. Бұл жерде тағы шарттары бар. Қарыз соммасы соңғы 12 ай өтелмеуі тиіс», – деді Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы.

Бір ескеретіні, «банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Кейін 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды. Сонымен бірге, азаматтың банкроттықтан кейін үш жыл бойы қаржылық жағдайы тексеріліп отырады. Өтінімді eGov порталы арқылы, E-salyg-Azamat қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады. Әр өтінім 2 апта бойы қаралады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» Телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда Қаржы вице-министрі банкроттықты рәсімдеу процесін бақылады