|
10.01.2022 | 12:00
2629

Алматыда арнайы операция кезінде қаза тапқан жауынгерлермен қоштасу рәсімі өтті

Күрес жолында құрбан болған әскери қызметкерлерді Қазақстан халқы ұмытпақ емес

Алматыда арнайы операция кезінде қаза тапқан жауынгерлермен қоштасу рәсімі өтті Almaty.tv

Қаланы қиратып, бейбіт елдің басына бұлт үйірген лаңкестердің апанын аңдып ұстаған құқық қорғау органдары жалпы саны 7939 қылмыскерді торға түсіріпті. Бұл – Ішкі істер министрлігі таратқан мәлімет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал олармен күрес жолында құрбан болған әскери қызметкерлерді Қазақстан халқы ұмытпақ емес. Лаңкестердің қолынан опат болған сарбаздардың арманын туыстары былай деп жеткізді.

«Мектеп кезінен әскери формаға қызығатын. Елім-жерім деп жүретін. Енді, міне, аяғы осылай болды», – деп көзіне жас алады марқұм болған сарбаздың ағасы Талғат Жүсіпов.

Бейбітшілік үшін болысып, оққа кеудесін тосып ерлікпен қаза тапқандарды батыр жауынгерге лайық рәсіммен шығарып салған жұрты «ел ерлерін ұмытпайды» деп қош айтысты. Қаланы қарауылдап, елдің еңсесін тіктеген сарбаздардың сапы бұзылмасын, шебі сетінемесін деп тіледік. Жауынгерін жоқтаған жұрттың жан жарасы жазылып, жақындарын жоғалтқан ағайын, өлім құшқан туыстарының еңбегі еш кетпесе екен дейді. 

«Алматыда өте қиын жағдай болды. Қазір бауырымыздың денесін ата-анасына алып барамыз. Елімізге қиын болды. Ата-бабаларымыздың аманаты – еліміздің бүтіндігін сақтап қалайық. Қаскүнемлерге ел болып бірге қарсы тұрайық», – дейді марқұм болған сарбаздың әпкесі Айгүл Өтешова.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир