Шымкентте жеміс-жидек пен көкөніс бағасы қымбаттап кетті

11.03.2020 в 18:30

Бұған себеп - жұрттың әлемді дүрліктірген індеттен қорыққаннан шетел асып келетін тауарлардан бас тартуы

Дүкендер мен базардағы бағаны былай қойғанда, көтерме сауда орындарындағы босатылу құны да өскен.  Сатушылар Қытай мен Иран шекарасының жабылуы, жығылғанға жұдырық болды дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Қазір келіп жатқан тауарлар бізге қымбат болып келіп жатыр. Сол бағаға біз 20 теңге, 30 теңге қойып сатамыз. Мынау короновирус шыққалы, жан-жақтан тауарлар келе алмай жатыр. Өзіміздің жекеменшік дихандардан алып сатып жатырмыз», – деді сатушы Нағима УСИПАЛИЕВА.

Қаладағы қай базарға бас сұқсаңыз да, сауда барысы баяу. Әсіресе, көтерме сауда орындарында қымбатшылық сезілгелі, келушілер қатары сиреген. Бірең сараңын жеміс-жидек пен көкөніс бағасы шошытуда.

«Өткен аптада ғана 350-ден алған алмамыз бұл жолы 400-450 теңгеден сатылуда», – дейді тұрғындар.

«Есік алдындағы дүкендерге кірмейміз. Ол жақта өте қымбат. Алма ол жерде 550 теңгеден. Осы жерден 280-300 теңгеден алып кетеміз. Ол жердің бағасы екі есе қымбат», – деді келесі бір тұрғын.

Қалтаны қаққан қымбатшылықтың бір ұшы Қытай мен Иран шекараларының жабылуына келіп тіреліп тұр дейді көтерме базар басшылығы. Көрші елдерден келетін жеміс-жидектермен көкөністердің тоқтауына байланысты цитрустық дақылдардың бағасы едәуір өскен. Мысалы, бұрынғы баға мен дәл қазіргі бағаның арасында 15-20 пайыз айырмашылық бар.

«Бұрынғыға қарағанда 50 теңгеге дейін қымбаттады. Кейбір тауарлар 100 теңгеге дейін қымбат болып жатыр. Мысалы, ташкенттік қияр мен қызанақтар. Ал, қырғыздың алмасы 320-350 теңге. Мандарин 270, 280 теңге көтерме бағасы да.  Картоптың бағасы 90-100, пияз көтерме бағасы 60 теңге,  ал бөлшек саудадағы бағасы 70 теңге, Сәбіздің бағасы оптом 90-110 теңгеден сатамыз», – дейді базар әкімшісі Гүлайым КҮЗДЕУОВА.

Қымбатшылықтың қалтаны қақаны рас. Жеміс-жидек  пен көкөністің бағасын тұрақтандыру қор есебінен жүргізілмейді. Сондықтан болар, әкімдіктегілер базар бағамына бейқам.

«Біз жеміс-жидек бағасын тұрақтандыра алмаймыз, себебі біздің міндетіміз – алғашқы қажеттілікті құрайтын азық-түлік бағасын ұстап тұру. Бүгінде біз тек көкөністердің бағасын қадағалап отырмыз», – деді Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық даму басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ермек МАХАМБЕТОВ.

Жеміс-жидектің бағасы қашан арзандайтыны белгісіз. Әлемді дүрліктірген індетті естіген жұрт шетел асып келетін тауардан бас тартқан. Ал отандық өнім бағасы қымбат, әрі жеткіліксіз екені бірден байқалды.