Ұшақ апаты: жас жігіт жүкті әйелді кеудесімен қалқалап, құтқарып қалған

29.12.2019 в 12:30

Әйелдің құрсағында 5 айлық бала бар екен

Бейбіт күнде ерлік жасалмайды десек қателесерміз. Кейде адамның қас-қағым сәтте шешім қабылдап, батырлық танытып жататын сәттер жиі кездеседі. Bek Air әуе компаниясының ұшағы құлаған сәтте жолаушылардың бірі жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып аман алып қалған. Бұл туралы ұшақта болған жолаушылардың бірі Әсем Жапишева әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол: «Жанында менің аяғы ауыр қызым Гүлім Ақышева отырған. Темірлан ұшақ құлаған сәтте оны денесімен жауып қалған. Апаттан соң қызымды қауіпсіз жерге апарып, өзі өзге жолаушылардың шығуына көмектескен. Ол нағыз азамат, өзінің жарақатына қарамастан осындай қиын сәтте батылдық танытты. Біз, Гүлімнің ата-аналары Темірланның ата-анасына осындай ер азамат тәрбиелегені үшін алғыс айтқымыз келеді», - деп алғысын білдіріпті.