Алматы хайуанаттар бағындағы керік туды

06.09.2022 в 12:55

Керікке ат қою үшін байқау жарияланды

Алматы хайуанаттар бағындағы керік туды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Керік биыл 28 шілдеде туған. Әзірге ол әкесі мен әпкесінен бөлек анасымен бірге тұрады. Оған әлі ат қойылмапты.

"Сондықтан біз кішкентай керікке ат қоюға байқау жариялаймыз. Сүйкімді жануардың түріне қарап ерекше есімдердің нұсқаларын айтыңыздар. Парақшамызға пікір қалдырып, өз ұсыныстарыңызды жазыңыздар", - деп жазды Алматы зообағы өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Бақ қызметкерлерінің айтуынша, биыл тұяқтылар бөлімінде 19 төл өмірге келді. Мамандар алда әлі жағымды жаңалықтарымыз болады деп жазды.

"Зообақ – өзіне тән табиғаты бар, жануарлардың ерекше әлемі. Мұнда жануарлар өзара жұп құрып, төлдеп, көбейіп жатады. Біз зообағымыздағы жаңа төлдердің туғанын олардың кішкене өсіп, қатайғанынан кейін ғана көпке жариялаймыз", - делінген парақшада.