Елімізде 17 миллионнан аса адам халық санағына қатысты

26.10.2021 в 19:55

Азаматтардың 40,4%-і санақтан онлайн, 51,2%-і офлайн өтті

Халық санағынан 17 миллионнан астам адам өтті. Соңғы ақпар бойынша қазақстандықтардың 40 пайызы науқанға онлайн қатысса, 51 пайызы сауалдарға дәстүрлі түрде  жауап берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Санақтан өткендер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр.  

«Құрметті қазақстандықтар! Еліміздегі халық санағы аяқталуға жақындап қалды. Сіздерге аралық нәтижелер туралы мәлімет келтіруге рұқсат етіңіздер?! Бүгінде 17,5 миллиондай азамат санақ сауалдарына жауап берді. Қолда бар мәлімет бойынша Алматы тұрғындарының саны 2 миллион 5 мың деп көрсетілген. Ал санақ сауалдарына 2 миллион 154 мың адам жауап берген. Демек, халық санағы қазірдің өзінде мегаполис халқының нақты санын көрсетуге көмектескенін сеніммен айта аламыз», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.

Айта кетейік, сауал жүргізу жұмыстары 30-шы қазанда аяқталады. Ал қарашаның 8-не дейін санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, нақтылау шаралары жүргізіледі.