Жаңа оқу жылына арнап 400 видеосабақ түсірілген

31.08.2020 в 14:04

2019-2020 оқу жылының 4 тоқсанында мектеп оқушылары үшін видеосабақтар "Алматы" телеарнасы арқылы көрсетілді

Алматыда оқу жылының басына оқушыларға арнап 400 видеосабақ түсірілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласының Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты.

Оның айтуынша, алматылық мұғалімдер 1-11 сынып оқушыларының қашықтықтан оқуы үшін видеосабақтарды дайындауға белсенді қатысып жатыр.

«Алматы қаласында 400-ден астам сабақ түсірілді. Қаланың үздік мұғалімдері осы процеске қатысуда», – деп хабарлады Алматы қаласының Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Еске сала кетейік, 2019-2020 оқу жылының 4 тоқсанында мектеп оқушылары үшін видеосабақтар "Алматы" телеарнасы арқылы көрсетілді. Жаңа оқу жылында аталған сабақтар республикалық арналар арқылы трансляцияланады.