Ерболат Досаев Алматының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

18.06.2023 в 13:55

Алматы әкімі өз сөзінде маусымның үшінші жексенбісі күнтізбедегі ерекше күн екенін атады

Ерболат Досаев Алматының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімі өз сөзінде маусымның үшінші жексенбісі күнтізбедегі ерекше күн екенін атады. Бұл күні Қазақстанның ақ халатты абзал жандары кәсіби мерекесін тойлайды.

«Саналы ғұмырын осы асыл мамандықпен байланыстырғандарға шын жүректен бақыт, амандық, зор денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін», - деді мегаполис басшысы.

Алматы отандық медицинадағы ірі орталықтың бірі саналады. Қалада 40 мемлекеттік және 36 жекеменшік емхана, 24 мемлекеттік және 6 республикалық стационар бар. 13 мыңнан астам дәрігер мен 19 мың медбике еңбек етеді.