Қазақстан – өлім жазасы жоқ мемлекет

25.04.2022 в 13:51

Өлім жазасы Ата заңнан алынып тасталды

Елімізде іс жүзінде де, заң жүзінде де өлім жазасы жоқ. Бұл туралы Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов орталық коммуникациялар алаңында өтіп жатқан брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Жобаның ауқымды бөлігі адам құқығы мәселелерін қарастырады. Өздеріңізге белгілі өткен жылы Қазақстанның Қылмыстық кодексінен және басқа да заңдарынан өлім жазасы алынып тасталды. Бұл ұғым Ата заңда да жойылып отыр. Енді елімізді іс жүзінде де, заң жүзінде де өлім жазасы жоқ мемлекет деп айта аламыз",– деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов.

Сондай-ақ аппарат жетекшісі заң шығару процесін жаңғыртуға арналған бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

"Заң қабылдау құқығы негізінен Мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Реттейтін мәселелердің маңыздылығына қарай, конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында қабылдау ұйғарылды", – деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов.